Ахмет Байтұрсынұлы. Мақта туралы не білеміз?

Алаштың әлдиі Редакция таңдауы

Маталар кендірден, жүннен, мақтадан істеледі. Мақтаның мамығы мақта өсімдігінен шығады. Мақта жылы жақта өседі. Ресейде мақтаны көп егетін жер –Түркістан. Түркістан мақтасы бүтін Ресейдің пабрикаларын (фабрика) тойындырады. Қапқазда (Кавказ) да мақта егеді, бірақ мақтадан атақ алған жер – Түркістан.

Мақта түрлі болады. Кейде шөп, сабақ, кейде бұта, кейде ағаш сықылды болады. Мақтаның гүлінен тұқымы шығады. Тұқымның түрі мен үлкендігі түйе жаңғақтай қауашақ болады. Мақтаның ең керектісі қауашағы. Сол үшін мақтаны егеді. Пісіп болған соң қауашағы жарылады. Қабығының шеттері ашылады. Ішінен аппақ қар сияқты мамық шығады. Мамық ішінде ұрығы тұрады. Дода-дода болып шығады. Міне, сол мамықты мақта дейді. Мақта тал-тал болады: талдары ұрығына жабысып тұрады. Сол талдарынан жіп иіреді.

Піскенде мақта еккен жерді аппақ ақ қырау басып кеткендей болады. Кісінің көзін сүйсіндіреді, бірақ жұмысшылардың көзін сүйсіндіріп тұруға уақыты жоқ. Жел қағып кетпей тұрып, қауашақты жиып алуға асығу керек.
Мақтаны машинамен тазартады. Тазартып болған соң мақтаны байлап буып, мақта тоқитын пабриктерге жібереді. Жерді аз алсын деп бір жаққа жіберерден бұрын мақтаны нығырлап қысады. Жіп болмастан бұрын мақтаны талай машиналардан өткізеді. Машиналармен сабалады, түтіледі.

Жіп иіретін пабриктерде мақтадан жіп істейді. Жіп иіру үшін мақтаның бірнеше талын қосып созады, ширатады. Иіру деп осыны айтады.
Мұнан соң жіпті боятын жерге жібереді. Боялып болған жіпті сатуға жібереді. Боялмаған жіпті мата тоқитын жерге жібереді. Онда барған соң түрлі машина құралдармен жіптен меткел тоқып шығады.
Бояйтын жерде меткелді түрлі түске салып бояйды. Шытқа өрнек салатын жерде меткелге түрлі бояулармен кестелі өрнектер салады.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған