Ахмет Байтұрсынұлы. Тұман мен бұлт туралы не білесің?

Алаштың әлдиі Редакция таңдауы

Су қызса бу болады, бу салқындаса қайтадан су болады. Су боларда әуелі уақ, гүлдей-гүлдей тамшы болады. Қаттырақ салқындаған тамшы біріне-бірі қосылып, ірілене бастайды.

Ауа жылы болса, бу көрінбейді, өйткені түйірі тым уақ болып көзге түспейді. Ауа салқын болса, бу көрінеді, өйткені, бу уақ-уақ тамшыға айналады. Көзге түседі. Мәселен, жазды күні ауыздан шыққан бу көрінбейді, қысты күні көрінеді. Оның себебі, қысты күні іштен шығу бойына, бу тозарып тамшыға айнала бастағандықтан, жаз ат терлесе де бу көзге түспейді, қысты күні жортып, терлеп келе жатқан аттың буы аспанға будақтап шығып отырады.

 

Жазғытұры күн жылы, су мол кезінде бу көп болады. Ертеңгісін ауа онша жылымай тұрған кезде бу жоғары көтеріле алмай, жер бетінде болады. Жер бетіндегі буды «тұман» дейміз. Күн көтеріліп, жер жылыған соң, бу жеңіліп жоғары ұшады, оны тұман көтерілді дейміз. Жоғарыдағы тұманды бұлт дейміз. Сөйтіп, күн жылуымен су бу болады. Жер бетіндегі буды тұман дейді, жоғары шыққан тұманды бұлт дейді. Бұлт жаңбыр боп жауып, қайтадан су болады. Осылай су тынбай бір күйден бір күйге түседі де жүреді.

Бұлттың тұман екенін таулы жерде білу қиын емес; биік тауға шыққанда бұлт аяқ астында тұман сықылданып жүреді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының

көп томдық шығармалар жинағынан

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған