Мағжан Жұмабайұлы. Бала тісінің қандай түрлері бар?

Педагогика

Тісеу – баланың дене тұрмысында зор өзгеріс. Жас иекті жарып бірінші тісі 6–8 ай арасында шығады. Иекте тамыр көп болғандықтан, тістей бастағанда бала әжептәуір ауырады. Ұйқысы тынышсыз, бас-аяғы ыстық болады. Аузынан сілекей шұбырады. Бала әлсін-әлсін қолын аузына сала береді. Мұндай уақытта баланы таза ауа, серуенге жиі шығару керек. Жылы суға жиі-жиі шомылдыру керек. Балаға тісі төмендегі ретпен шығады. Тісі төрт түрге бөлінеді.

Бірінші түр – күрек тіс. Саны 8 болады. 5–12 ай арасында шығады.

Екінші түр – ит азу. Саны – төрт. 12–16 ай арасында шығады.

Үшінші түр – ас азу. Саны – 4, 17–20 ай арасында шығады.

Төртінші түр – түпкі азу. Саны – 4, 20–24 ай арасында шығады.

Міне, осымен баланың 20 сүт тісі болады. 7 жаста бұл сүт тісі түсе бастап, 7–11 жас арасында балаға дәйімгі тісі шығады. Яғни жаңағы айтылған – 20 тісі түсіп қайта шығып, олардың үстіне тағы азу қосылады. 12 жаста тағы төрт азу шығады. Сөйтіп, дәйімгі тістің саны 28-ге толады. 22–25 жас арасында төрт азу шығады. Мұны ақыл азуы дейді.

Баланың сүт тісі өте нәзік болады. Ыстық та, суық та жарамайды. Қатты асты шайнай алмайды һәм бұзылымпаз келеді. Сондықтан баланың тістерін таза ұстау керек. 3 жастан былай тамақ берген сайын баланың аузын жуып отыру керек. Тісті жаман бұзатын нәрсе – тәтті. Жас балаға тәтті беруге жарамайды. Біраз өскен соң беруге мүмкін, бірақ аз һәм сирек беру керек.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған